Оңталап Дүйсенәліұлы НҰРМАХАНОВ

Ontalap   Ақын, режиссер-сценарист, «Мәдениет қайраткері» белгісінің иегері

        1958 жылы Қызылорда облысы Арал ауданының «Шөмішкөл» ауылында туылған. Жарты ғасыр бұрын қазақтың талай тарландары мен таланттарын  дүниеге келтірген, «халқының жүрегінен жыр кетпеген, айдын шалқар» Арал топырағында туылып, өнер өлкесіне де осы айдыннан қосылды. 

Алғашқы еңбек жолын 1975 жылы Арал аудандық мәдениет бөлімінің   автоклуб киномеханигі қызметінен бастап, 1996 жылға дейін халық театрының режиссеры, «Тамаша» әзіл-сықақ отауының негізін қалаушы, әрі жетекшісі,  сценарист-режиссеры, Арал аудандық мәдениет Үйінің директоры қызметтерін атқарды. Ақтөбе қаласындағы мәдени-ағарту училищесінің режиссерлық бөлімінің түлегі.

Оңталап айтыс өнеріне 1985 жылы қадам басқан. 1987 жылы жалағаштық Алтай Көшеров пен 1989 жылы өткен табиғатты қорғау тақырыбына арналған ІІ облыстық айтыста Лена Әбдіхалықовамен сөз таластырып, өзінің ой-өрісі кең, табан астынан  қарсыласына ұтымды жауабы дайын, қу тілді ақын екенін байқатты. 1989 жылы көршілес Ақтөбе облысының ақындар айтысынан жеңіспен оралды.

1985-90 жылдары аудандық  мәдениет Үйі халық театрының  режиссеры қызметін  атқарып, сахнаға  Т.Ахтановтың  «Күшік күйеу», Қ.Мұхамеджановтың «Ой, жігіттер-ай», С.Адамбековтың «Алтын табақтағы жылан», М.Мақатаевтың «Қош, махаббат!», Р.Сейсенбаевтың «Қашқын» спектакльдерін қойды. Сондай-ақ, бірнеше рет облыстық ақындар айтысының  жүлдегері атанды. 

Ақын ретінде өмірдегі болып жатқан жаңалық, өзгерістерге өлең арқылы үн қосып, 20-дан астам әнге сөз жазып, «Көздеріңнің көркемі-ай», «Сәукеле», «Адам Ата-Хауа ана», «Астана», «Қорқыт-Қобыз», «Жер жүрегі»  т.б. әндері  Қазақстанның белгілі әншілерінің репертуарында  жиі орындалып жүр.

1996-2004 жылдар аралығында Облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығының көркемдік жетекшісі қызметін атқара жүріп, облыста өткен республикалық, халықаралық мәдени шаралар мен театрландырылған қойылымдар - «Қорқыт және түркі әлемі» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференциясының гала-концерті мен Қызылорда облысының тұсаукесері (1997 ж.), Қызылорда облысының Астана қаласында өткен мәдениет және өнер күндерінің «Қорқыт. Қобыз. Қызылорда.» театрландырылған қойылымы (1998 ж.), 2000 жылы – Мәдениетті қолдау жылының  салтанатты ашылу «Мәдениет. Тарих. Таным.» және жабылу салтанаты «Сыр саңлақтарының салтанаты» рәсімдері,  республикалық, халықаралық  «Ғасырлар үні» жыршы-жыраулар конкурсы (2001-2003 ж.ж.),  Халықаралық «Сырдария-жырдария» түркі тілдес елдердің балалар шығармашылығының өнер фестивалі (2002 ж.), Елбасының Сыр еліне жасаған арнайы үш іс-сапары барысындағы мәдени шаралар мен Халықаралық «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» атты фольклорлық өнер фестивалінің (2006 ж.) сценарий, режиссерлық қойылымдарын дайындады.

2003 жылдан облыстық Нартай Бекежанов атындағы музыкалық драма театрында режиссерлық қызмет атқарып, Р.Отарбайұлының «Қандыөзек» трагедиясын, Л.Егембердиеваның «Егіздер», С.Балғабаевтың «Ғашықсыз ғасыр» мелодрамаларын, Ә.Таразидың «Люстра» фантасмагориясын, М.Ахманов пен А.Тоқмановтың «Екі дос немесе делдал қарға» ертегісі және С.Ахмедтің  «Келіндер көтерілісі» комедиясын сахналап, көрермендер назарына ұсынды. 

Ол ақын, айтыскер, режиссер-сценарист ғана емес, «Көздеріңнің көркемі-ай», «Сәукеле», «Адам Ата-Хауа ана», «Астана», «Қорқыт-Қобыз», «Жер жүрегі» т.б. әндерге сөз жазған.

Ширек  ғасырдан астам уақыт облыс өнері мен мәдениетіне жасаған еңбегі  бағаланып, 2002 жылы  Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігінің «Мәдениет қайраткері» белгісі берілді.

2000 және 2007 жылы  Облыс әкімінің стипендиаты атанды.

Осы уақытқа дейін жинақтаған тәжірибесі мен шығармашылық ізденісін байыту және тереңдету, біліктілігін мен кәсіби шеберлігін біліммен толықтыру мақсатында Алматы қаласындағы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының  режиссерлық  бөлімін (сырттай) оқып бітірді.  

Нұрмаханов Дүйсенәліұлы Оңталап облыста ұйымдастырылып жатқан мәдени шаралар, концерт, сахналық, театрландырылған қойылымдар, шығармашылық кештер, шоу-бағдарламалар мен істердің ұйтқысы, өнерге жанашырлықпен, жаңашылдықпен қарайтын азамат.

Қазіргі уақытта облыстық филармонияда режиссер қызметін атқарады. «Қорқыт-қобыз» атты өлеңдер жинағының және «Мәдениетім мәртебем» атты сценарийлер жинағы кітабының авторы. 

JSN Nuru template designed by JoomlaShine.com