
Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Руханият жылы» аясында, Тәуелсіздік күніне орай мәдениет саласы қызметкерлеріне алғаш рет
40 қызметтік жаңа пәтердің кілтін табыстады. Шарада аймақ басшысы баспана бақытына кенелген қоныстанушыларды құттықтап, ақжарма тілегін жеткізді.
-«Тәуелсіздік – ата-бабамыздың арманы, ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен келген ең қымбат қазынамыз. Қастерлі қазынаны қорғау, сақтау, оны мәңгі ету – баршамыздың парызымыз. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Еңселі ел болуымызға барлық саланың, түрлі мамандықтың өкілдері және барша азаматтарымыз біркісідей атсалысты» деген болатын. Қыркүйек айында Алматы қаласындағы Қызылорда облысының өнер күндерін өткізуге атсалысқан өнерпаздармен, мәдениет саласының қызметкерлерімен кездесуде сала мамандарына қызметтік пәтерлер берілетіні айтылған болатын. Міне, араға ұзақ уақыт салмай, «Руханият жылы» аясында, Тәуелсіздік күніне орай мәдениет саласы қызметкерлеріне алғаш рет 40 қызметтік жаңа пәтердің кілтін табыстаудамыз», – деді аймақ басшысы.
Айта кетейік, мерекелік баспанаға ие болғандар арасынан облыстық филармония жанынан құрылған симфония оркестрінің әртістері Әсель Сейтжанова, Гульжан Конакбаева, Балмұхамед Мұхамед және хор ұжымының әртісі Пазыл Орнықхан да жаңа баспанаға ие болып, қуаныштары еселенді.