«ТОМИРИС» БИ АНСАМБЛІ

0
275

«Томирис» би ансамблі 2001 жылы сол кездегі филармония директоры, облысқа белгілі өнер жанашыры Сәрсенкүл Ибрашеваның бастамасымен құрылған болатын. Алғашқы ашылған кезде би тобының құрамында небәрі 4-ақ биші болса, қазір «Томирис» би ансамблінде барлығы 24 биші- хореографтар жұмыс жасайды. Барлығы дерлік кәсіби мамандар. Ансамбльдің жетекшісі, әрі бас балетмейстері Гүлбану Елубайқызы Мырзабаева. Ол «Томирис» би тобының ансамбль болып қалыптасуына үлкен еңбек сіңірді. Ансамбль Қызылорда облысындағы бірден-бір кәсіби өнер ұжымы. Кең ауқымды репертуары аса талғампаздықпен жасақталған. Ансамбль жұмысының басты мақсаты Сыр елі би өнерінің деңгейін көтеру, қазақ ұлттық биінің бояуын жоғалтпау, заманауи талаптарға сай қазақ биін жаңаша көркемдеу және келешекте би өнерінің деңгейін сақтап қалатын мамандарды тәрбиелеу болып табылады. «Томирис» би ансамблі облысымыздың мәдениеті мен өнерінің дамуына сүбелі үлесін қосып келеді. Облыс көлеміндегі, республика аумағында ұйымдастырылып өткізілген мәдени-көпшілік шараларға белсене араласып, Сыр өнерін паш етуде. Мемлекеттік, ұлттық мейрамдарда қойылатын театрландырылған көріністерді дайындап, бишілікпен қатар актерлік шеберліктерін ұштап отырады. Кәсіби деңгейін көтеру, тәжірибе алмасу мақсатында облыстық, республикалық, халықаралық байқау, конкурс, фестивальдарға да үзбей қатысып, жоғары деңгейде өнер көрсетіп төмендегідей жетістіктерге қол жеткізді. Айтар болсақ, ансамбль: Облыстық «Сыр сұлуы» бишілер байқауы (Қызылорда, 2001 ж.), «Сырдария-Жырдария» өнер фестивалі (Қызылорда, 2002 ж.), Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің (Астанада, 2002 ж.) лауреаты. 2005 жылы ансамбльдің бишілері Индира Боранқұлова облыс әкімінің стипендиясының иегері болса, Айнұр Жәлиева жылдың «Өнерлі жанұя» номинациясына ие болды. Сондай-ақ, ансамбль Ш.Жиенқұлова атындағы ІІІ-республикалық қазақ халық биі байқауының дипломанты (Орал, 2006 ж.), Халықаралық «Бұраң бел» халық биі фестивалінің (Шымкент, 2007 ж.), «Шашу» аймақтық би фестивалінің (Қызылорда, 2007 ж.), Қызылорда облысының 70 жылдығы мен Қызылорда қаласының 190 жылдық мерейтойына арналған «Бұраң бел» облыстық бишілер фестивалінің (Қызылорда, 2009 ж.) лауреаты, ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында өткен «Азат елдің айшықты билері» атты би қойылымдары конкурсының Бас жүлдегері (Қызылорда, 2011 ж.), осы жылы Түркия елінде болып, Анталияда өткен Халықаралық ІІ-ші «Харман – фольклор» фестивалінің лауреаты атанды.

Ансамбльдің репертуарына келсек, сұлулықты қимыл-қозғалыспен үндестіре білген Г.Мырзабаеваның ой-қиялынан, көркемдік пен әсемдікті қимылмен суреттейтін шеберлігінен туындаған би қойылымдары қалың көрерменнің ықыласына бөленіп, сұранысына ие болуда. Ансамбль қоржынында 40-тан астам би қойылымдары болса, оның басым көпшілігі қазақ билері. Бас балетмейстер ансамбльдің репертуарын жасақтауда республикаға танымал би шебері, педагогика ғылымдарының кандидаты, ҚР «Мәдениет қайраткері» Зәуре Бекенбайқызы Әжібекова, халықаралық би өнері конкурстарының лауреаты Татьяна Владимировна Угай сынды би өнерінің хас шебері ұстаздарымен және жас хореографтар Ғалия Кенжебаева, Берік Көкетовпен шығармашылық тығыз байланыста жұмыс жасап келеді. Сонымен қатар, 2016 жылдың тамыз айында Қытай Халық Республикасының І дәрежелі би режиссері, «Алтынай» би ансамблінің би қоюшысы Нағима Таирқызының  шеберлік дәрістерін алды.  

2014-2015  жылдары  наурыз айында Түркияда өткен Түркі  тілдес  елдердің  Ұлыстың Ұлы күні  Наурыз мерекесін тойлауға арналған өнер фестивалінде Сыр елі өнерін насихаттау мақсатында өнер көрсетіп, Түрксой халықаралық ұйымының арнайы дипломымен марапатталды.

2016 жылы «Томирис» би ансамблі ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының шақыртуымен Түркияда болып, түбі бір түркі жұртының Наурыз мерекесіне қатысып өнер көрсетті. Нақтырақ айтсақ, 22 наурыз күні Түркия Республикасының Президенті Ережеп Тайып Ердоған Халықаралық түркі мәдениетін дамыту ұйымы ТҮРКСОЙ-дың делегациясын Бестөбе сарайында қабылдады. Осы кездесуге ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов бастаған ресми делегация мен Әзербайжан, Молдова, Қазақстан, Қырғызстан, Македония, Моңғолия, Түркіменстан сынды елдерден келген өнерпаздар қатысты.

Халықтар арасындағы достықты нығайту мақсатымен шетелдерді шарлап жүрген «Томирис»  би ансамблі  Ұлыстың ұлы күнін бірге тойлаған  түріктер мерекесінің шырайын ашып, көпшілік ықыласына бөленді. Ансамбльдің гастрольдік сапары одан әрі мұхиттың арғы жағындағы Америка Құрама Штатының Нью-Йорк, Вашингтон қалаларында жалғасын тапты. Бұл  аталған өнер тобының Америкаға алғашқы сапары. Қандай елге барса да көрерменнің ерекше ықыласына бөленіп жүретін «Томирис» би ансамблінің өнеріне талғамы биік АҚШ жұртшылығы да  дән риза болысты. Сыр өнерпаздары  аталған алып мемлекетте қазақ өнерін паш етіп, ұлттық құндылығымызды бимен жеткізді. Жалпы, өнерде шекара жоқ. Ал, би әмбеге ортақ өнер. Ол қай қай елдің сахнасында орындалса да жүрекке жетеді, көңілді көтеріп, адам жанын рухани ләззатқа бөлейді

«Томиристің» әлі де шығар биігі мен алар асулары алда деп білеміз.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь