Филармония тарихы

0
2529

СЫР ЕЛІНІҢ ӘН ШАҢЫРАҒЫ

Облыстағы кәсіби өнердің киелі шаңырағы.

Сыр еліне тән мақамдарды көмейіне қондырған дәстүрлі орындаушылар, эстрада жанрын терең меңгеріп, бүгінгі тыңдарманның талғамына сай жеткізе білген әншілер, әр түрлі аспаптың үнін бір арнада үндестірген түрлі шығармашылық ұжымдарды киелі шаңырағының астына тоғыстырған – әз өнердің алтын ордасының елу жылдық тарихы–Сырдың ұлы перзенті Нартайдан бастау алады. Замана бұлбұлы қазақ еліндегі гастрольдік сапардыңда негізін қалаушы. Нартай облыс төңірегіндегі ақын-жыршылар мен әнші-күйшілердің басын құрап, көркемөнерпаздар үйірмесін ұйымдастырды. Кейін осы үйірме ансамбльге, соңында облыстық филармонияға айналды.

Алғашқы жылдарда сазгер Тәңірберген Қалауов басшылық жасап, сол тұста «Сыр күмбезі» фольклорлық ансамблі, «Ақтолқын» эстрадалық ансамблі жұмыс жасады. Фольклорлық ансамбльге белгілі жыршы-термеші Ақмырза Тұяқбаев, әнші Фатима Төлегенова, ал эстрадалық ансамбльге Қиынбай Сақтағанов жетекшілік еткен. Ұзақ жылдар бойы филармонияның бас администраторы болып Сәнжан Асылбекова қызмет атқарған. Одан кейінгі 1976-1980 жылдар филармония ұжымы үшін жемісті жылдар болды. Дүйсенбі Дүйсенбаев басшылық жасаған жылдарда жезтаңдай әнші Ұлшан Ахметованың басқаруындағы «Сыр маржаны», Сайлау Бердіқожаевтың жетекшілігіндегі «Сыр самалы» ансамбльдерінің облыстың мәдени өмірінде ролі зор болды. Сол жылдарда Мұхит Әбдікәрімов, Тәжігүл Аманжолова, Күлән Қалымбетова, Сұлтан Нұрмаханов, Гүлжан Нұржанова, Шынберген Тілеулесов, Мәди Жасекенов сынды талантты өнерпаздардың басын қосқан ансамбльдің орындаған әсем әндері халықтың жүрегіне жол тауып, көңілдерінен шығып, ұзақ уақыт бойы шырқалып жүрді. Кеңес Асанбаев, Қырымбай Мұхамедияров, Бауыржан Шөкенов сынды басшылардың тұсында да филармония өз қызметін заман талабына сай атқарды. Сыр елі мәдениеті мен өнерін дамыту, халыққа рухани дем беру, өнер иелерінің жаңа буынын тәрбиелеп, насихаттау, ескі әндер мен әуендерді шырқау арқылы аға буын өнер иелерінің шығармашылығын жаңғырту секілді міндеттерді қалтқысыз орындады. Ұжымның осы жылдардағы жеткен табыстарының Ел Тәуелсіздікке қол жеткізген 50 жыл ішінде алған асулары, жеткен жетістіктері ұшан теңіз, өз алдына бір тарих. Қазірде ұжымның штаттық бірлігі бірнеше есеге артып, түрлі жанрдағы 8 өнер ұжымы шығармашылықпен жұмыс жасап, көрермендері әрбір жаңалығын сағына күтетін өнер ордасына айналды.

Кеңес одағының таралуы тұсында облыстық филармонияның да ұжымы едуір өзгерістерге ұшырап қызметкерлер саны қысқарды. Ондағы көптеген ұжымдар таратылды. Алайда Қазақ мемлекетінің экономикалық ахуалы түзелген сайын өнер ошақтарының да жағдайы жасала бастады. Мәселен 2001 жылы алғаш рет «Томирис» би ансамблінің негізі құрылды, 2007 жылы облыс әкімінің тікелей қолдауымен  филармония жанынан алғаш рет халық аспаптар оркестрі ашылып оған Сырдың шайыры Тұрмағамбет Ізтілеуовтың есімі берілді. 2009 жылы «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі мен толықтырылған ұжымның жанынан бірнеше шығармашылық топтар құрылып кеіннен өзгерістер енгізіле келе бүгінгі күні  «Сыр самалы» вокалды аспапты ансамблі, «Томирис» би ансамблі, камералық оркестр, «Тұран» триосы, «Әдемі» балалар музыкалық театр студиясы, «Қорқыт сазы» қобызшылар ансамблі толық қанды жұмыс жасап келеді. Бұның барлығы  облыстық филармонияның Тәуелсіздік жылдарындағы төл перзенттері. Онымен қоса, жыл сайын жеке орындаушылар мен жыршылардың қатарын талантты жастар толықтыруда. Қоғамдағы өзгерістерге қарай филармонияның материалдық-техникалық базасы жылдан-жылға нығайып, заманауи техникалардың озық үлгілерімен жабдықталса, оркестр, ансамбль мүшелері мен жеке орындаушылар, бишілерге жаңа ұлттық, сахналық киімдер тіктіріліп берілуде. Жеке дыбыс жазу студиясы ашылып, әндердің музыкалық әрленуі мен шаралардың көркемделуі осы студия арқылы жасалады.

Филармонияға осы жылдар ішінде 12 директор басшылық жасады. 1976-1977жылдары Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Шайтұрсын Әбдібаев, 1977-1980 жылдары Шиелі ауданында көп жылдар халық театрында режиссер болған Дүйсенбі Дүйсенбаев, 1980-1985 жылдары Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, көп жылдар Қазалы аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарып, Қазалы өңірінің мәдениетін дамытуға көп үлес қосқан азамат Кеңес Асанбаев, 1985-1986 жылдары көп жылдар Қызылорда қалалық мәдениет бөлімінің меңгерушісі болған Қырымбай Мухамедьяров, 1986-1989 жылдары Ленинград мәдениет институтының түлегі Бауыржан Шөкенов, 1976-1977, 1989-1990 жылдары 2005-2010 жылдары Мұхит Әбдікәрімов, 2001-2003 жылдары Сәрсенкүл Ибрашева, 2003-2005 жылдары Марат Ахметов, 2010-2011 жылдары Бауыржан Арысбаев, 2011 жылы Арнұр Көшеней, 2011 жылдың сәуірінен бастап Талғат Мақашов жұмыс жасап келеді.

Облыстық филармонияның әншілері мен жыршылары, өнер ұжымдары облысты аудандары мен республиканың басқа облыстарында жиі гастрольдік сапарларда болып тұрады. Сыр бойы өнері мен мәдениетін алыс-жақын шетелдерге таныстыру, насихаттау бағытында филармония ұжымы Түркия, Өзбекстан, Ресей, Татарстан, Босния-Герцеговина елдері мен АҚШ-тың Нью-Йорк, Вашингтон, Біріккен Араб Әмірлігінің Әбу-Даби қалаларында өнер көрсетіп еліміздің мәдени мәртебесін әлем сахналарында асқақтатып келеді.    Сондай-ақ, облыста және тыс жерлерде өтетін конкурс, байқауларға қатысып,жүлдесіз келген емес. Бұның әрине, кез келген ансамбль, не жеке орындаушы болмасын шеберлігін шыңдауға, шығармашылығын насихаттауға әсері мол. Екінші жағынан, Сыр елінің өнерін насихаттай жүріп, облыс абыройын, беделін асқақтатып жүр. Ол өнер ұжымындағы әрбір өнерпаздың тынымсыз еңбегінің арқасы деп білуіміз керек. 2011 жылы Түркия елінің Анталия қаласында өткен халықаралық ІІ «Харман фольклор» фестиваліне қатысқан «Томирис» би ансамблі лауреат атанып, Сыр елінің би өнерін паш етіп қайтты. Ал, Ақтау қаласында өткен «Каспий – достық теңізі» атты халықаралық фестивальдің «Каспий джемі» джаз музыкасы конкурсында «Сыр самалы» вокалды- аспапты ансамблі лауреат атанса,  «Ақмешіт» фольлорлық ансамблі – Ақтөбе қаласының 150 жылдығы және Ғ.Жұбанова атындағы облыстық  филармонияның 75 жылдығына орай өткен «JUBANOVTAR AYENI» Халықаралық ұлт аспаптар оркестрлері және ансамбльдердің фестиваль-байқауынан Бас жүлде иемденсе, камералық оркестр  Алматы қаласында өткен «ӘУЕН FEST» қазақ камералық музыка фестивалінде ІІІ орын иеленді.

Қызылорда облысының қаржы басқармасы мемлекеттік мекемесінің 17 шілде 2015 жылғы № 380 санды бұйрығымен «Қызылорда облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының Қызылорда облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорынның теңгеріміндегі жылжымайтын мүлік, яғни Қызылорда қаласы, Е. Әуелбеков көшесі құрылыс 5 «Қызылорда облыстық филармониясы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорынның теңгеріміне беріліп, аталған ғимаратта жұмыс жасап отыр.

Қазіргі таңда Сыр елі мәдениеті мен өнерін дамыту, халықты рухани азықтандыру, өнер иелерінің жаңа буынын насихаттау, көнекөз әндермен аға буын әртістердің шығармашылығын жаңғырту мақсатында филармонияда барлығы 221,5 штаттық бірлікте 233 адам жұмыс атқарып келеді.

Филармония директоры «Мәдениет қайраткері» төсбелгісінің иегері Мақашов Талғат Бақытбекұлының басшылығымен қәзіргі таңда  12-әкімшілік, 8-көркемдік персонал, 7-менеджер, 3-әдіскер, 3-ақпараттық жарнамашы, 21-шаруашылық қызметкер жұмыс атқарса, өнер ұжымдары бойынша 167,5 штаттық бірлікте 179 адам жұмыс жасайды.

Талғат МАҚАШОВ,
облыстық филармонияның директоры,
«Мәдениет қайраткері» белгісінің иегері

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь