Мәдениетіміз бен өнеріміз өркенін жайып, рухани құндылықтарымыз қайта дәріптеліп жатқан тұста өнерді одан әрі өрістету, халық мұрасын кеңінен насихаттау мақсатында 2007 жылы сол кездегі облыс әкімі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің қолдауымен жаңа кәсіби өнер ұжымы Тұрмағамбет атындағы халық аспаптары оркестрі құрылды. Сыр сүлейі, атақты шайыр Тұрмағамбет Ізтілеуұлының 125 жылдық мерейтойы қарсаңында құрылған оркестрге шайырдың аты берілді. Оркестрдің негізгі құрамын Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясы мен Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжін бітірген кәсіби білікті, музыка мамандары мен талантты өнер иелері құрайды. Оркестр репертуарында халық және Қазақстан композиторларының шығармалары, ән-күйлері, классикалық және Батыс Еуропа композиторларының, барлығы 300-ге жуық шығармалары бар. Сонымен қатар, репертуарларына Сыр елінің атақты күйші-композиторлары Қазанғап, Шал Мырза, Бекпембет, Әлшекей, Жалдыбай, Құрақтың Досжаны, Қаражанның Төлегенінің тың күйлері мен шығармалары және жергілікті күйші- сазгерлер Исламбек Ысқақов, Мұрат Сыдықов, Альберт Алмағамбетов, Төлепберген Тоқжановтың ән-күйлері мен шығармалары енгізілді. 2008 жылы Астана, Алматы қалаларында, 2009 жылы Астана қаласында өткен Қызылорда облысының мәдениеті мен өнер күндері аясындағы «Сыр – Алаштың анасы» атты бағдарламаның ашылу, жабылу салтанаттарында өнер көрсеткен Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі Астана жұртшылығының зор ықыласына бөленді. 2009 жылы Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен Қызылорда қаласының 190 жылдығына арналған «Сырдария саздары» атты халықтық ұлт-аспаптары оркестрлері мен ансамбльдердің облыстық фестиваліне қатысып, оркестр дипломмен марапатталды. 2010 жылы Ақтөбе қаласында өткен халықаралық «Жұбанов көктемі – 2010» халық аспаптары оркестрлері және ансамбльдер фестиваліне қатысып, жүлделі ІІІ орынды иеленіп лауреат атанып, өзіндік стильдік ерекшелігімен, кәсіби орындаушылық шеберлігімен облыстың мәдени өміріне белсене араласып, тыңдарман қауымның ыстық ықыласына бөленуде.
2011 жылы – Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы аясында «Орынбор-Ақмешіт-Алматы-Астана» өнер керуенінің Қазақстан астаналарына гастрольдік сапары және «20 жұлдызды күн» атты мерекелік іс-шаралар шеруінде өнер көрсетті.
2012 жылы – 15-16 қараша күндері Астана қаласында «Сұлу Сырдан сазды әлем» атты концерт берді. («Шабыт» концерт залында және Л.Гумелев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінде).
2013 жылы – Қарағанды қаласындағы Қызылорда облысының өнер күндері аясында өнер көрсетті.
2014 жылы – Астана, Ақтөбе қалаларында өткен Қызылорда облысының мәдениет және өнер күндері аясында өткен концерттерде өнер көрсетті.
2014 жылы – Әйтеке бидің 370 жылдығына орай Өзбекстан мемлекетінің Ташкент, Шыршық қалаларында «Сыр алаштың анасы» атты концертімен гастрольдік сапарда болды.
2015 жылы– Қазақ Хандығының 550 жылдығына орай Астана, Тараз қалаларында гастрольдік сапарда болды.
2016 жылы – Ақтөбе қаласындағы Қызылорда облысының өнер күндері аясында өнер көрсетті. 2016 жылы оркестр әртісі, қобызшы С.Пұсырманова 21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай ҚР Мәдениет және спорт Министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төс белгісімен марапатталса, домбырашы Ә.Әбсадықов 21 мамыр Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай «Құрмет грамотасымен» марапатталды.
2017 жылы – 12-14 сәуір аралығында Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы достық қарым-қатынас пен мәдени ынтымақтастықты дамыту мақсатында таяу және алыс шетелдермен дипломатиялық қарым-қатынастар орнатылуының 25 жылдығына орай ұйымдастырылған Қызылорда облысының Мәдениет күндері аясында Әзербайжан Республикасының Баку, Шеки қалаларында концерт берді.
2017 жылы «ЭКСПО 2017» Халықаралық көрмесі аясында өткізілген Қызылорда облысының мәдениеті күндерінде жоғары деңгейде өнер көрсеткені үшін облыс әкімі Қ.Көшербаевтің алғысымен марапатталды. Сонымен қатар 2017 жылдың 12-14 сәуір күндері Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы достық қарым – қатынаспен мәдени ынтымақтастықты дамыту мақсатында таяу және алыс шет елдермен дипломатиялық қарым – қатынастар орнатылуының 25 жылдығына орай Әзербайжан Республикасының Баку, Шеки қалаларында Сыр елінің ғана емес Қазақстан Мемлекетінің төл өнерін насихаттап қайтты.
2018 жылы– 1-10 маусым аралығында «ТҮРІКСОЙ» Халықаралық ұйымының ұйымдастыруымен Түркия мемлекетінің Кастамону, Болу, Ақсарай, Анкара сынды тарихи қалаларында өткен түркі тілдес халықтарының өнер фестиваліне қатысты.
2018 жылы – қыркүйек айында Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдығына орай Атырау қаласында гастрольдік сапарда болып халықаралық ұлт аспаптар оркестрлерінің фестиваліне қатысты.
2019 жылы – 14 тамыз күні Қазақстанның Өзбекстандағы жылы аясында Өзбекстанның Навои қаласында «Сырдария достық арнасы» атты концерт берді.
2020 жылы Ұлтымыздың ұраны болған ұлы ақын – Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай Мұхтар Әуезовтің либреттосына жазылған Л.Хамиди және А.Жұбановтың «Абай» операсында;
2021 жылы Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын қорытындылауға арналған «Жасампаздыққа толы жылдар» атты театрландырылған салтанатты қойылым-концертінде;
2023 жылы Астана қаласының 25 жылдығына арналған «Сұлу Сырдан-ару Астанаға» атты Қызылорда облысының өнер шеберлерінің Гала концертінде өнер көрсетті.