«Сыр самалы» вокалды аспапты ансамблі

Ансамбльдің негізін Сыр еліне белгілі музыкант, сазгер, әнші Ғалымжан Елубаев қалады. Алғашқы рет ансамбль Қызылорда халқына «Такси-Джаз» атымен танылды. 2009 жылы ансамбль құрамы жас өнерпаздармен толықтырылып филармония жанынан «Сыр самалы» вокалды аспапты ансамблі болып қайта ашылды. Алғашқыда біршама қиындықтар болғанымен, ансамбльдің негізгі құрамындағы белді кәсіби музыканттар мен өнерлі жастар жігерін жани отырып, ол сындардан да өтті.  

Ансамбльдің көркемдік жетекшісі Ә.Мұстафаев. Солистері  Р.Үсенов, Г.Бисекенова, А.Маханбетжанова.

Қазіргі уақытта репертуарында 100-ден астам шығармалар бар. Оның ішінде аспапқа арналған эстрадалық композициялар, джаз, джаз-рок бағытындағы шығармалар, Қазақстан композиторларының әндері мен шетелдік композициялар. 

Ансамбль 2009 жылы Қызылорда қаласында өткен облыстық «Тұран әуендері» атты вокалды-аспапты ансамбльдер конкурсының лауреаты;

2011 жылдың қазан айында Ақтау қаласында өткен «Jazz Wave Aktau kz-2011» атты халықаралық фестивалінің «Каспий джемі» джаз музыка байқауының ІІ орын  иегері;

2017 жылы Жаңақорған ауданында өткен «Экспресс» вокалды аспапты ансамблінің 45 жылдығына арналған «Бізге қымбат әуендер» атты аймақтық байқауда ІІ орынға ие болды.

2019 жылы ансамбль өзінің 10 жылдық мерейтойына орай «Ырғақ рауандаған жылдар» атты есепті концертін  берді.

2020 жылы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымына қарасты «Saz & Soul» вокалды–аспапты тобының көркемдік жетекшісі, мультиинструменталист Әділжан Толықбаевтың шеберлік дәрісі өткізілді.


2021 жылы Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын қорытындылауға арналған «Жасампаздыққа толы жылдар» атты театрландырылған салтанатты қойылым-концертінде;

2023 жылы Астана қаласының 25 жылдығына арналған «Сұлу Сырдан-ару Астанаға» атты Қызылорда облысының өнер шеберлерінің Гала концертінде өнер көрсетті.