АЛАТАУ БАУРАЙЫНАН АБЫРОЙМЕН ОРАЛДЫ

0
216

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Алматы қаласының 1000 жылдығы мерекелеріне орай оңтүстік астанамыз Алматыда 25-27 қыркүйек күндері «Әуен fest» камералық оркестрлер фестивалі өтті. Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы сахнасында өткен мәдени шараға Ақтау, Ақтөбе, Көкшетау, Қарағанды, Өскемен, Орал, Петропавл және Қызылорда қалаларының оркестрлік ұжымдары қатысып, бақ сынасты.
Биыл алғаш рет ұйымдастырылған фестивальдің мақсаты – камералық музыканы кеңінен насихаттау, ел жастарының бойында классикалық музыкаға деген қызығушылықты оятып, жас тыңдармандарды классикалық камералық музыка өнеріне тарту болып табылады.
Сонымен, республикалық камералық оркестрлер фестивалінен қызылордалық өнерпаздар олжамен оралды. Аталған өнер бәйгесінде Қызылорда облыстық филармониясының камералық оркестрі жүлделі ІІІ орынды иеленді. Айта кетейік, өнер ұжымының тарихы 2014 жылдан бастау алады. Осыдан екі жыл бұрын облыс әкімінің қолдауымен Сыр елі мәдениеті тарихында тұңғыш рет Қызылорда облыстық филармониясы жанынан камералық оркестр құрылған болатын. Оркестрдің көркемдік жетекшісі, есімі елімізге танымал өнер майталманы – Кеулімжай Ботабаев. Қазіргі уақытта ұжым репертуарында 30-дан астам шығарма бар, оркестр құрамында жиырмадан аса жоғары дәрежедегі білікті мамандар қызмет атқарады.
Фестиваль-байқау Алматы қаласы әкімінің қолдауымен өтті. Айтулы шараның ұйымдастырушысы – ҚР Халық әртісі, Алматы әкімінің концерттік оркестрінің бас дирижеры әрі көркемдік жетекшісі Мұрат Серкебаев.
Музыка мамандарының айтуынша, фестиваль камералық жанрдағы қазақ халқының және фольклорлық музыкасының көркемдігі мен саналуандығын көрсетіп, еліміздің 8 аймағынан жиналған ансамбльдік ұжымдардың кәсіби шеберлігін аша түскен. Ал байқау бағдарламасында қазақстандық композиторлардың шығармалары орындалды. Ұйымдастырушалар осы мәдени шараны алдағы уақытта дәстүрлі түрде өткізуді жоспарлап отыр.
Өнер мен мәдениеттің, руханияттың бесігіндей болған Қызылорда облыстық филармониясының өнерпаздары бағындырар биік алда деп білеміз.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь