ӘЗІРБАЙЖАН РЕСПУБЛИКАСЫНДА ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ӨНЕР КҮНДЕРІ ӨТТІ

0
984

Үстіміздегі жылдың 12-15 сәуірі аралығында  облыс әкімдігі мен Әзірбайжан Республикасының мәдениет және туризм министрлігінің және халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымының қолдауымен Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы достық қарым-қатынас пен мәдени ынтымақтастықты дамыту мақсатында таяу және алыс шетелдермен дипломатиялық қарым-қатынастар орнатылуының 25 жылдығына орай Әзірбайжан Республикасының Баку, Шеки қалаларында Қызылорда облысының мәдениет және  өнер күндері өтті.

Өнер күндері аясында облыстық филармонияның «Тұрмағамбет» атындағы халық аспаптар оркестрі мен «Томирис» би ансамблі, сондай-ақ, жыршылар Руслан Ахметов, Күнсұлу Түрікпен, классикалық әндердің орындаушылары Талғат Мұсабаев, Самал Байсейтова, Мақсат Мақұлбеков, Мағжан Аманжолов, Венера Алпысбаева және Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрының ұжымы туыстас халықтың көрермендеріне бірқатар туындыларын ұсынды. 

Облыстық филармония өнер иелерінің концерті 12 сәуір күні Баку шаһарындағы Әзірбайжан мемлекеттік музыкалық театрында өтті.

«Тұрмағамбет» атындағы халық аспаптар оркестрі 20-дан астам номерді сахнаға шығарды. Оркестрге халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты, Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрдің дирижері Мүсілім Әмзе мен бас дирижер Кеулімжай Ботабаев жетекшілік жасады. Ал келесі күні Бакудегі С.Вургун атындағы драма театрда Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрының әртістері белгілі Әзірбайжан драматургі М.Ахундзаденің «Кетпейсің! Болды, кетпейсің» атты комедиялық шығармасын сахналады.  

Сондай-ақ, 14 сәуір күні Шеки қаласында облыстық филармония өнерпаздарының концерті өтті. Ал 15 сәуірде театр ұжымы жергілікті автордың комедиялық жанрдағы аталған шығармасын Шеки шаһары тұрғындарының назарына ұсынды.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь