1 маусым күні Қызылорда облыстық филармониясының ұйымдастыруымен филармония залында «Өмірге сен» атты қайырымдылық концерт өтті. Концерт Қызылорда қаласының тұрғыны, «Мышечная Дистрофия Дюшенна» (Бұлшық еттің әлсіздігі) дертіне шалдыққан 10 жасар Нұрғали есімді баланың «ИВЛ» өкпе тыныс аппаратын алуға қаржылай көмек көрсету мақсатында ұйымдастырылды.
Бағбан Нұрғали Ерханұлы – 2012 жылы 9 тамызда Қызылорда қаласында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Нұрғали туылғаннан науқас. Диагнозы 2018 жылы «Мышечная Дистрофия Дюшенна» (Бұлшық еттің әлсіздігі) болып толық қойылған. Нұрғали емі жоқ, өте сирек кездесетін ауыр дертке шалдыққан. Анасы мен әкесі жұмыссыз. Қазіргі таңда Қазақстан бойынша «Өмірге сен» мүгедек балалардың жеке қорында тіркелген. Нұрғалиға шұғыл түрде «ИВЛ» өкпе тыныс аппараты қажет. Бағасы 2 миллион 100 мың теңге тұрады. Анасы Исмаилова Гүлсім халықтан аппарат үшін көмек сұрайды. Концерттен түскен қаржы Нұрғалидің «ИВЛ» өкпе тыныс аппаратын алуға тамшыдай болса да үлес болады.
Қайырымдылық концертте облыстық филармония әртістері «Мәдениет қайраткері» төсбелгісінің иегері Үміт Медеуова бастаған өнер иелері Гүлфира Алиханова, Индира Елубаева, Ринат Үсенов, Олжас Нұралиев, Бекзат Молдабергенов, Гүлхан Сіргебаева, Арайлым Махамбетжанова, Айсұлу Әбді, «Томирис» би ансамблі және «Тұран» триосы өнер көрсетті.
Халқымызда «Аз қайырылымдылық жасаудан ұялма, өйткені құр алақан одан да аз» деген даналық сөзі бар,тәуелсіз елдің бейбіт аспанында өмір сүріп жатқан әр адам үшін қайырылымдылық ұғымының мәні өте зор. Жанашырлық пен қайырылымдылық таныту біздің рухани дүниеміздің тереңдігі мен азаматтық парызымыздың көрінісі. «Әдемілік жүзіңнен, қайырылымдылық ісіңнен көрінеді» деген, ізгі ісіміздің берекелі болуына атсалыссақ, сол арқылы ұрпақтарымызға үлгі-өнеге көрсете аламыз деген сенімдеміз.
Концерттің режиссёрі “Мәдениет саласының үздігі” төсбелгісінің иегері Азиза Издикулова
Концерт жүргізушісі Амандык Жаппарбердиев
Дыбыс операторы Айбек Қуатбаев