25 мамыр күні Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрында өткен қазақ классикасының шоқтығы биік туындыларын кең көлемде насихаттап, өзіндік орындаушылығымен ерекшеленіп, Сыр сахнасының сәніне айналған «Құрмет» орденінің иегері Самал Байсейтованың бүгінгі «Музыка жүрегімдесің» атты шығармашылық кеші Сыр елі кәсіби өнерінің ән шаңырағы Қызылорда облыстық филармониясының 50 жылдығы аясында қазақтың әйгілі әншісі, қазақ опера өнерінің негізін салушылардың бірі, қоғам қайраткері, КСРО халық әртісі Күләш Байсейітованың 110 жылдығына арналды.
Күләш Байсейітова шырқаған әндер бүгінде қазақтың ән өнерінің асыл мұрасына айналып, академиялық ән салуға бет бұрған әрбір әнші репертуарының темірқазығы іспеттес. Құнары қашпайтын рухани қазынамыздың ұрпақтан ұрпаққа өз қалпында жетуі Самал Байсейтова сынды өнердің нағыз адамдарының еншісінде.
Тұғыры биік, тұрпаты бөлек дара таланттарымыздың ізін тартып қазіргі таңда өнер ордасына айналған Қызылорда облыстық филармониясына да 50 жыл толды.
Жарты ғасырлық тарихы бар ұжымда талай тарланбоздардың қолтаңбасы қалды. Бұл ұжымның құрылу тарихы Сырдың ұлы перзенті Нартай Бекежановтың есімімен тығыз байланысты. 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің алғашқы онкүндігінен елге оралысымен Нартай елдегі ақын-жыршылар мен әнші-күйшілердің басын біріктіріп көркемөнерпаздар үйірмесін ашады. Кейіннен үлкен ансамбльге, одан соң филармонияға айналды. 1972 жылы 16 қарашада Қазақ ССР Мәдениет министрлігінің бұйрығымен құрылған ұжымды алғашқы жылдары сазгер Тәңірберген Қалауов басшылық етті, сол тұста «Сыр күмбезі» фольклорлық ансамблі мен «Ақтолқын» эстрадалық ансамблі жұмыс жасады. Фольклорлық ансамбльге жырау Ақмырза Тұяқбаев, әнші Фатима Төлегенова, эстрадалық ансамбльге Қиынбай Сақтағанов жетекшілік еткен еді. Елу жылда ел жаңа демекші қазіргі таңда облыстық филармонияда 8 ұжым бар. Ұлттық өнеріміздің қаймағын бұзбай өрістетіп келе жатқан Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі мен әлемдік музыка өнерінің элитасын дәріптеушілер Камералық оркестрдің сүйемелдеуімен өткен бүгінгі кеш әсерлі болды.
Кеште «Құрмет» орденінің иегері, әнші, ұстаз Самал Байсейтова, халықаралық конкурстардың лауреаттары Мақсат Мақұлбеков, Ақылбек Табынбаев, кеш қонақтары республикалық жетігеншілер конкурсының лауреаттары Нұрай Айтуарова, Жансая Қабышева, дирижёрі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қауымдастырылған профессор Мүсілім Әмзе, Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі, камералық оркестр, «Томирис» би ансамблі және Қазанғап атындағы жоғары колледжінің аралас және қыздар хор ұжымы өнер көрсетті.
Сценарий авторы әрі режиссёрі Мәдениет саласының үздігі Азиза Издикулова
Дыбыс режиссёрі Марлен Баимбетов
Ақпараттық қолдау білдірген Қазақстан Қызылорда Телеарнасы және “Qogam TV” арналарына шексіз алғыс білдіреміз.