“ӨНЕР АДАМДАРЫ ҮНЕМІ ІЗДЕНІСТЕ ЖҮРЕДІ”

0
704

Киелі шаңырақ саналатын, бастауын сонау әнші-композитор, ақын Нартайдың концерттік-эстрадалық бригадасынан алған тарихи ұжымның бірі – Қызылорда облыстық филармониясы. Күні бүгінге дейін Сыр өңірі мәдениетінің дамуына аталған өнер шаңырағының қосқан үлесі ұшан-теңіз. Қырық жылдан аса уақыт ішінде киелі ортаның қалыптасып, аяғынан тік тұруына талай өнер майталмандары табанды еңбегі мен тынымсыз ізденісін, қажыр-қайратын жұмсады. Бүгінде сол қарашаңырақтың туын жықпай, биікке желбіретіп келе жатқан өнер ұжымының жеткен жетістіктері айтарлықтай.
Облыстық филармония директоры, «Мәдениет қайраткері» төсбелгісінің иегері Талғат Мақашовпен болған бүгінгі сұхбат та осы өнер ұжымының тыныс-тіршілігі жайында.
– Жыл аяғына қарай әрбір ме­ке­ме, ұйым болсын, есеп береді. Сіз бас­қарып отырған филармония жыл­ға таяу уақыт ішінде қандай шаруа ат­қарды, алға қойған қандай жоспар­ла­рыңыз бар? Әңгімені осыдан ­бас­тасақ…
– Өңірдегі мерейлі мерекенің, елең еткізер жақсы жаңалықтың ба­сы-қасынан табылатын өнер ие­ле­рі ағымдағы тоғыз ай ішінде 178 кон­церт пен гастрольдік сапарлар ұйым­дастырып, көрермен көңілінен шыға білді. Соңғы жылдары өнер ұжы­мының өрісі кеңейгенін айту керек. Ұжым тек аймақтық айтулы мере­келерде өнер көрсетіп қоймай, алыс-жақын шетелдерге шығып, өнерін паш етуде. Мәселен, биыл Түркияны тамсандырып, Ресей жұртын риза етіп, Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында «Азат елдің ақ таңы” атты концертімен өзбек ағайынның оң ықыласына бөленіп қайтты. Тәуелсіздіктің 25 жылдығы мен Наурыз мерекесіне орай 24-26 наурыз аралығында облыстық филармонияның өнер иелері Ресей Федерациясының Орынбор қаласы мен Беляевка және Первомайск аудандарында гастрольдік сапарда болды.
«Томирис» би ансамблі «ТҮРІКСОЙ» халықаралық түркі мәдениетін дамыту ұйымының шақыртуымен 20-26 наурыз аралығында Түркия мемлекетінде болды. Ал 27 наурыз – 3 сәуір аралығында Америка Құрама Штатының Нью-Йорк, Вашингтон қалаларында түркі тілдес елдердің Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесін тойлауға арналған өнер фестивалінде сырбойылық бишілер қазақ би өнерін әлемге паш етті.
12-14 қазан күндері Ақтау, Атырау қалаларында филармония өнер иелері ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Туған жерім – Тұран далам» атты концертпен гастрольдік сапарда болып қайтты. Концертте «Тұран» триосы, Б.Молдабергенов, М.Сүгірбай, «Томирис» би ансамблі өнер көрсетіп, Сыр елінің өзіне тән өнерімен көрермендер ризашылығына бөленді. Оған қоса өткен жылы Грузия мемлекеттік филармониясының директоры Д.Ба­гаш­валимен екі ел арасындағы мәдени байланысты нығайту, мәңгі достық пен өзара ынтымақтастықты одан әрі дамыту мақсатында меморандумға қол қойылған болатын. Осы құжат аясында 2015-2020 жылдар аралығында екі ел арасында концерттер ұйымдастыру, өнер иелерінің шеберлік дәрістерін өткізу, тәжірибе алмасуы еркін жүзеге асуда. Бұл, біріншіден, ұлтаралық бірліктің ұйытқысы болса, екіншіден, өнерпаздардың шыңдала жүріп, қа­зақ өнерін дәріптеуіне жол ашты. 2017 жылы осындай концерттерді Әзір­байжанда ұйымдастыру жоспа­рымызда бар.
– Тағы қандай қалаларға барудың сәті түсті?
– Әр өңірдің бір-бірімен мәдени байланысын жақсарту мақсатында жасалған меморандумға сәйкес, Тараз қаласында, Батыс Қазақстан облысы мен аудан орталықтарында, тағы басқа облыстарда гастрольдік сапарлар ұйымдастырылды. Онда «Ақмешіт” фольклорлық ансамблі, ҚР еңбек сіңірген әртісі К.Қалымбетова, ҚР Мәдениет қайраткері Ү.Медеуова, жеке орындаушы С.Байсейітова, Ж.Жүсіпов, эстрада жұлдыздары ән­нен шашу шашып, Сыр сүлейлерінің жалғасы саналатын М.Сәрсенбаева, Б.Төлеубаев, Б.Қарғабаевтар терме-жырларын тарту етті. «Томирис” би ансамблінің мың бұралған бишілері де жергілікті халыққа көтеріңкі күй сыйлады.
– Жалпы 50 жылға жуық тарихы бар өнер ұжымының табыс кілті неде деп ойлайсыз?
– Табыстың кілті – бірлік пен еңбекте. Әрбір адам өз міндетін шын ниетпен атқарар болса, табыс та, абырой да, қошемет пен құрмет те сол ортада салтанат құрады деп есептеймін.
– Филармонияда қанша адам жұмыс істейді?
– Қазір бізде 221,5 штаттық бірлікте 237 адам қызмет атқарады. Филармонияға қарасты 7 өнер ұжымы бар. Түрлі жанрдағы өнер ұжымдары шығармашылықпен жұмыс жасауда, олардың әрбір жаңалығын көрермен сағына күтеді десем, артық айтқаным емес. Бір жылға жуық уақыт ішінде жеткен жетістіктер де аз емес. Сыр елі мәдениеті мен өнерінің дамуына үлес қосқан филармония әртістері мемлекеттік марапаттар мен аймақ басшысының Алғыс хаттарына ие болды. Сондай-ақ, халықаралық, республикалық байқауларда жеңіске жеткен өнер иелері абыройымызды асқақтатты. Атап айтсақ, наурыз айында Ресей Федерациясының солтүстік астанасы Санкт-Петербург қаласында өткен Б.Штоколов атын­дағы V Халықаралық вокалистер кон­курсында Әйгерім Алтынбек ІІІ орынды, Ақтөбе облысы, Алға ауда­нында өткен республикалық жыр­шы-термешілер байқауында М.Сү­гірбай бас жүлдені иемденді. Жер­лесіміз Б.Шөкенов атындағы «Отан-Ана” республикалық әншілер байқауында Д.Жамантаев жүлделі ІІІ орынға лайықты деп танылды. Камералық оркестр де Алатау баурайында өткен «Әуен fest” рес­публикалық фестиваль-конкур­сынан жүлделі ІІІ орынмен оралды. Соны­мен қатар, Тұрмағамбет халық-аспаптар оркестрінің әртістері С.Пұсыр­ма­нова ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласы­ның үздігі” төсбелгісімен, Ә.Әбсадықов «Құрмет грамотасымен” марапат­талып, бедел биігінен көрінді.
– Қыркүйек-қазан айының репер­ту­арына көз жүгіртсек, күн ұзатпай концерт қойған екенсіздер…
– Көпшілік таңның атысы мен кештің батысына дейін тіршілік қамымен жүріп, мәдени орындарға бас сұға бермейді дегенімізбен, бір мезгіл рухани сергуді қалайтын жандар аз емес. Оның үстіне Сыр елі өзге өңірлермен салыстырғанда қазақылықтың қаймағы бұзылмаған мекен, мәдени құндылықпен өрілген өнерімен дара тұрады. Жергілікті халық та мәдени-сазды кештерге жиі келеді. Домбыра үніне құмар, дәстүрлі әнге қызығушылық танытады. Осыған сәйкес, филармониялықтар бос отырмайды. Қарбалас тірлік. Жоспарға сәйкес түрлі концерттер ұйымдастырылады. Үнемі ізденіс үстінде жүреміз. Әсем сазды әуенмен тыңдарманға ерекше сезім сыйлап, мінсіз қимылмен көз қуантуға асықпыз.
– Cұхбатыңызға рахмет! Әрдай­ым өнер көкжиегінен көрініп, шығар­машылық табысқа жете беру­леріңізге тілектеспіз.
Сұхбаттасқан
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.
«Сыр бойы» газеті №164-165

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь