СЫР ЕЛІНІҢ ӨНЕР МАЙТАЛМАНДАРЫ ӘЗЕРБАЙЖАН ТӨРІНДЕ

0
642

Қызылорда облыстық филармониясы өнерпаздары бұған дейін де халқымыздың қасиетті өнерін алыс және жақын шет елдерде паш етіп, талғамы биік көрермендердің ықыласына бөленіп келеді. Еліміздің барлық қалаларымен бірге, шетел асып ән шырқаған өнер ордасының биылғы шығармашылық кеші Әзербайжан елінде жалғасуда.

Айта кетейік, Қызылорда облысының мәдениеті мен өнері күндері облыс әкімдігі мен Әзербайжан Республикасының мәдениет және туризм министрлігінің қолдауымен өтеді. Сонымен, 12-15 сәуір аралығында Әзербайжан Республикасының екі қаласында, елдің астанасы Баку мен Шеки шаһарларында Сыр өнерпаздары бірнеше мәдени шара өткізеді. Айтулы шара туыстас қос елдің, яғни, Қазақстан мен Әзербайжан Республикалары арасында дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 25 жыл толуына орай ұйымдастырылып отыр.

Төрт күнге созылатын мәдени шарада облыстық филармонияның Тұрмағамбет атындағы  халық аспаптар оркестрі мен «Томирис» би ансамблі, сондай-ақ, жыршы-жыраулар Руслан Ахметов, Күнсұлу Түрікпен, классикалық әндердің орындаушылары Талғат Мұсабаев, Самал Байсейтова, Мақсат Мақұлбеков, Мағжан Аманжолов, Венера Алпысбаева және Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрының әртістері өнерлерін ортаға салады. Облыстық филармония өнер иелерінің концерті 12 сәуір күні Баку шаһарындағы Әзербайжан мемлекеттік музыкалық театрында өтеді. Жергілікті Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестріне халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты, Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрдің дирижері Мүсілім Әмзе мен бас дирижер Кеулімжай Ботабаев жетекшілік жасайды.

Айта кетейік, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Әзербайжан Республикасымен достық қарым-қатынас күн санап нығайып келеді. Жуырда ҚР Президенті Н.Назарбаев пен Әзербайжан Республикасының Президенті Илхам Әлиевтің кездесуі түбі бір туыстас елдердің осы достық қарым-қатынастың айқын дәлелі.

 

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь