Сыр сахнасында – балалар мюзиклі

0
449

Мюзикл – сан алуан өнердің бір сахнада тоғысуы. Мұнда сиқырлы сөз өнері, опера, балет, акробатика бар. Жинақтап айтқанда, сан түрлі шығармашылық синтезі. Сондықтан бұл жанрға тәуекел ету де оңай емес. Батыста қанат жайған бұл жанрдың елге келгеніне де көп бола қойған жоқ.  Қызылордада алғаш рет осындай ерекше жанрда «Ля-ля-фа» балалар мюзиклі студиясы шымылдығын ашпақ.

Студия Елбасының «Бола­шақ­қа бағдар: рухани жаңғыру» бағ­дарламалық мақаласының «Рухани қазына» кіші бағдарламасы негізінде облыстық филармония жанынан ашылды. Жоба авторы – филармония директорының орынбасары Әзиза Іздіқұлова. Ал қойылымның жарыққа шығуына «Рухани жаңғыру» бағдарламасын басқару жөніндегі жобалық кеңсе қаржылай қолдау көрсеткен. Кішкентай көрермендерге арнал­ған алғашқы мюзиклдің атауы – «Таусылмасын ертегім». Режис­сері – ҚР Мәдениет қайраткері Оңталап Нұрмаханов.

– Мюзикл – әртүрлі оқиғалар кезек­тесіп келетін кәдімгі өмір. Мұнда сырлы сөз де, ән де, қа­зіргі заманғы ұжымдық би де, балет, акробатика, фокус сынды сахнаның ең сәнді көріністерін табуға болады. Ерекшелігі, драма, комедия, трагедияда мәтіндік сөз көптеу болса, мұнда баяндау аз, шығармадағы ойлар көбіне ән мен би арқылы жеткізіледі, – дейді режиссер.  

Жанрға сай шығарма жазуға жерлесіміз, қаламгер Тілеген ­Бекарыстанов тәуекел еткен. Идея авторы Әзиза Іздіқұлова сценаристке балалардың ұғынуына да, жаттауға да оңай қара сөзді ұйқаспен жазуды ұсынады. Ал мюзиклдің тартымды, ерекше болуының сыры – музыкасында. «Таусылмасын ертегім» үшін 10 авторлық ән жазылып, арнайы саундтрек дайындалған. Қойылым композиторы – Мұратжан Шомбалов.

Ал балаларға арналған мю­зи­клдің негізгі әртістері – бала­лардың өзі.

– Кішкентай көрермендер бір-бірін тез ұғысады, оңай түсініседі. Сондықтан бұл туындыдағы 54 кейіпкердің 41-ін балалар сомдайды. Осы кезге дейін бірқатар балалар шарасында өнер көрсеткен «Әдемі» балалар музыкалық студиясының артистері де рөл ойнайды. Ал басты рөлдерде – Сезім Қаһарман мен Еламан Серікұлы. Сезім – түрлі байқауларда жүл­дегер атанған кішкентай әнші. Ал көңілді, елгезек бала Еламан балаларға арналған туынды кезінде көрермендер арасынан көзге түсті. Біз оны кастингке арнайы шақырдық. Сондай-ақ, «Атамекен» отбасылық үлгідегі балалар ауылының оқушыларын да қойылымға қатыстыруды ой­ладық. Қойылымдағы кішкентай артистердің төртеуі осы балалар ауылынан. Мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндерді де  актер қатарына қосуға талпыныс болғанымен, арнайы рөл болмады. Сондықтан бұл жағдай алдағы уақытта еске­ріледі. Айта кету керек, ата-аналар мен балалардың өнерге деген құлшынысы бізді қуантты. Екі ай мерзімдегі дайындық барысында оқушылардың талабы жоғары екеніне көз жеткіздік. Бүгінде өнер студиясы, үйірмелер өте көп.  Бірақ үйірмедегі балаларды бір алаңға жинап, бір сахнада қабілеттерін шыңдайтын қойылым жоқ. Олар көрермен алдында өнер көрсетуге үйреніп, өздерін шыңдауы керек. Сондықтан балалар студиясы – оларға үлкен мүмкіндік және шеберлік алаңы.

Бұл туындыда сондай-ақ, «Томирис» би ансамблі, «Сыр сандуғаштары» балалар вокалды тобы, «Ай-ару» би тобы, «Балбұлақ» халықтық балалар би ансамблі, Қызылорда қалалық оқу-әдістемелік орталығының би үйірмесі өнер көрсетеді. Шығармашылық қолдау көр­сеткен өнер ұжымдарына алғыс білдіреміз, – дейді Әзиза Іздіқұлова.

Ал көптен күткен мюзикл 24 қазан күні сағат 11-де Н.Бекежанов атындағы облыстық драма театрында сахналанбақ.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь