ТӘУЕЛСІЗДІК ТОЛҒАУЫ

0
623

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен ҚР Конституциясы күніне орай облыстық филармонияда «Ақмешіт» фольклорлық ансамблінің «Тәуелсіздік толғауы» атты концерті болып өтті.

Сахна шымылдығы ансамбльдің орындауындағы Темірбек Ахметовтің «Темірбектің төкпесімен» түрілді.

Мұнан кейін «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі Мұхамедқали Тналиннің «Шілдері қайысы» мен  Қазанғаптың «Қара жорғасын» нақышына келтіре орындады. Ал, ансамбль әншісі Эльмира Қалқожаева халық әні «Дүние-ай», Әбілахат Еспаевтің «Қыз қуу» әнін тамылжыта орындап, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Одан әрі сахнаға белгілі өнер майталманы Үміт Медеуова шығып, халық әні «Бес қопа» мен «Қос қаракөзді»  шырқады. Сонымен бірге тек Сыр еліне ғана емес, республикаға танымал  жыршы, халықаралық дәрежедегі байқаулардың жеңімпазы Марат Сүгірбай халық әндері «Іңкәржан» мен «Ақеркені» орындап, көрермен көзаймына айналды.

Концерт барысында «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі  халық күйі «Жайма қоңыр», Қазанғаптың «Ақжелең», А.Сқақовтың «Ақмешіт», А. Әпекұлының «Жылқышы», Рүстем Күлшебаевтің «Қолбасшы» және  Тоғжан Жахиннің «Бабалар мекенін»  орындап, тыңдарманның құлақ құрышын қандырды.

Әсіресе, А. Жүсіпов пен А.Алжановтың орындауындағы күй тартысы, А. Сқақов пен Т. Ағыраевтің қоса  шырқаған Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» әні мен  К.Түрікпен орындаған Шернияздің «Сөз сөйлейін бөлемелеп» әндері көпшілікті тамсандырды.

Көрермендерге тартымды да әсерлі кеш сыйлаған концерттің жетекшісі республикалық, халықаралық күйшілер конкурстарының жеңімпазы, сазгер Абылайхан Сқақов болды.

Концерт соңында көрермен қауым «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі мүшелеріне алғыстарын жеткізіп, гүл шоқтарын табыс етті.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь