Баимбетов Марлен Сайлаубекұлы

1988 жылдың 14 қазанында Алматы қаласы, Талғар ауданы, Тұздыбастау  ауылында дүниеге келген. 1995-2007 жылдар аралығында К.Байсейтова атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мамандандырылған музыкалық орта-мектеп интернатында «Үрмелі-соқпалы бөлімінің фагот» мамандығы бойынша оқып жүріп «Сибирские музыкальные ассамблеи» атты Халықаралық жастар орындаушылар конкурсында дипломант атанды.

  2007-2011 жылдары Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық Консерваториясында «Аспапта орындаушылық факультетінде (Фагот)» оқытушы және оркестрмен ансамбльдердің әртісі мамандығы бойынша оқыған. Студенттік симфониялық оркестрімен гастрольдік сапарларға АҚШ Лос-Анджелес, Cан-Франциско, Вашингтон, Бостон, Нью-Йорк қалаларына және Германия елінде өнер көрсеткен.

 2009-2011 жылдары К.Байсейтова атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мамандандырылған музыкалық орта мектеп-интернатында «Эстрада симфониялық және үрмелі аспаптар» оркестрінде иллюстратор қызметін атқарған.

 2011-2012 жылдары ҚР ІІМ ішкі әскери 5571 бөлімінің үрмелі аспаптар оркестрінде аға музыкант, солисі қызметін атқарған.

 2013-2018 жылдары Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінен ең алғашқы болып «фагот» класын ашып, бүгінде шәкірттері республикалық, облыстық, қалалық байқауларға қатысып жүлделі орындар алса, лауреат дайындағаны үшін ұйымдастыру алқасының және кеңестік және қазақстандық скрипкашы, профессор А.Мусаходжаеваның алғыстарымен марапатталып, «Үздік оқытушы» номинациясын иеленді. 

2013 жылы облыстық филармонияның «Сыр самалы» вокалды  аспапты (үрлемелі) ансамблінің әртісі қызметіне орналасты.

2014 жылдан бастап Қызылорда облыстық филармониясының жанынан құрылған камералық оркестрдің және «Сыр самалы» вокалды аспапты ансамблінің әртісі, 2016 жылдан бастап Қызылорда облыстық филармониясының музыкалық бөлім меңгерушісі және симфония оркестрінің әртісі қызметін атқарады.

2016 жылы – Алматы қаласында өткен «Әуен fest» камералық оркестрлердің республикалық фестиваль-конкурсында «Үздік орындаушы» номинациясымен марапатталса, 2018 жылы камералық оркестр құрамымен Босния-Герцеговина, Сербия, Венгрия мемлекеттерінде Түркітілдес елдердің қатысуымен өткен камералық оркестрлер фестивалінде жоғары деңгейде өнер көрсетті.

 2021 жылы - «Сәлем, Елорда!» ІІ республикалық өнер шеруі аясындағы режиссерлар мен дыбыс режиссерларына арналған шеберлік дәріске, 2022 жылы Алматы қаласында өткен Халықаралық ағаш үрмелі аспапта орындаушылардың шеберлік дәрісіне қатысып, арнайы сертификаттар иеленді.  

Осы жылдар аралығында республика, облыс көлемінде өткізіліп жүрген мәдени шаралар барысында және Сыр еліне іссапармен келген зиялы қауым өкілдерін құрметпен күтіп алу мақсатында концерттік бағдарламамен қамтамасыз ету сынды жұмыстарды үлкен жауапкершілікпен атқарып келеді.

Сыр өңірінің мәдениеті мен өнерінің өрістеуіне қосқан үлесі үшін аймақ басшысының және «Нұр Отан» облыстық филиалының алғысымен бірнеше рет марапатталса, 2023 жылы – Мәдениет және спорт министрінің «Құрмет грамотасымен» және «Жыл музыканты» марапатталды.

2024 жылдың 2 қыркүйекгінен бастап «Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының «Қызылорда облыстық филармониясы» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны басшысының орынбасары лауазымына тағайындалды.