«Ақмешіт» фольклорлық ансамблі

0
1272

«Ақмешіт» фольклорлық ансамблі – Сыр бойының төлтума өнерін, ұлттық фольклорын насихаттау мақсатында 2009 жылы облыстық филармония жанынан құрылды. Қазіргі таңда ансамбльдің құрамында 12 кәсіби маман жұмыс жасайды. Ансамбльге халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты, баяншы Нұрбай Нұрғиса жетекшілік етеді. Ансамбль репертуарындағы қазақ композиторларының күйлері мен халық әндері жаңаша өңдеумен көрермендер назарына ұсынылып жүр. Репертуарында 100-ден астам шығармалар бар.Ансамбль облыс көлемінде өткізілетін облыстық, республикалық, халықаралық мәдени шараларға белсене ат салысып отырады. Сонымен бірге түрлі байқау, конкурстарға қатысып, кәсіби деңгейлерін, шеберліктерін шыңдап, үнемі шығармашылық ізденіспен жүреді. 2011 жылы Алматы қаласында өткен Республикалық «Ғасырлар сазы» дәстүрлі музыкалық фестивалінде дипломант атанса, осы жылы Қызылорда қаласында өткен халықаралық «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» атты фольклорлық-музыкалық өнер фестивалі аясындағы бағдарламаларда өнер көрсетіп, Халықаралық «ТҮРІКСОЙ» бірлестігі мен облыс әкімінің арнайы сертификатына ие болды.

Елбасының Сыр еліндегі іс-сапарында облысымыздың өнерін паш ету мақсатында жоғары деңгейде көрсеткен ізденімпаздықтары үшін облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Астана, Атырау, Ақтөбе, Орал қалаларында гастрольдік сапарда болып Сыр елінің төл өнерінің шоқтығын танытты. Ансамбль мүшелері облыстық филармонияның 40 жылдығына арналған естелік медальмен марапатталды.

2014-2015  жылдары  наурыз айында Түркияда өткен Түркі  тілдес  елдердің  Ұлыстың Ұлы күні  Наурыз мерекесін тойлауға арналған өнер фестивалінде Сыр елі өнерін насихаттау мақсатында өнер көрсетіп, Түрксой халықаралық ұйымының арнайы дипломымен марапатталды. 2015 жылы «ТҮРІКСОЙ» Халықаралық ұйымының ұйымдастыруымен Түркияның Анкара, Стамбул, Болу, Адана, Амася, Самсун қалаларында Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесін тойлауға арналған өнер фестивалінде өнер көрсетті. 2017 жылы «ЭКСПО 2017» Халықаралық көрмесі аясында өткізілген Қызылорда облысының мәдениеті күндерінде жоғары деңгейде өнер көрсеткені үшін облыс әкімі Қ.Көшербаевтың алғысымен марапатталды. 2017 жылы Ақтөбе қаласының 150 жылдығы және Ғ.Жұбанова атындағы облыстық  филармонияның 75 жылдығына орай өткен «JUBANOVTAR AYENI» Халықаралық ұлт аспаптар оркестрлері және ансамбльдердің фестиваль-байқауынан Бас жүлде иемденді. 2018 жылы Мәскеу қаласында Ресей Федерациясының Президенті В.Путиннің қатысуымен Бүкіләлемдік авиация және космонавтика күніне, сондай-ақ Ю.Гагариннің ғарышқа ұшқанына 58 жыл толуына орай өткен іс-шарада өнер көрсетті. 2018 жылдың сәуір айында «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі Ұлыбритания мемлекетінің Лондон қаласында Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесіне орай концерт берді. Күллі түркі әлеміне ортақ тарихи «Көроғлы» аңыз-әпсанасының негізінде туындаған қазақтың ұлы сазгері Дәулеткерейдің «Көрұғлы» күйі, Ықыластың «Жез киігі», халық күйі «Ел айрылған» сынды шығармалары мен қазақтың ұлттық аспаптарында сөйлеген әлемдік классикалық туындылардан тұратын және әлемді дүр сілкіндірген «Битлз» тобының репертуарындағы «Yesterdey» әнінің ұлттық аспаптағы нұсқасын қамтыған ансамбль репертуары лондондықтарды тәнті етті. Сонымен қатар ансамбль солистері С.Тасбергенова халық әндерін сызылта салса, Сыр өңіріне тән жыраулық өнер өкілі К.Түрікпенова шайыр Тұрмағамбеттің «Тәлімі» мен жиналған жұртшылыққа арнауын орындады. Ал, дәстүрлі классика өнерінің дарабозы Ғ.Бекмырзаев жұмсақ үнімен үйлесім тапқан шығармаларды жоғары деңгейде шырқап көрерменді қуантты.2019 жылы құрылғанына 10 жыл толуына орай «Ақмешіт аспаны» атты есепті концертін өткізді.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь