«СЫРЛЫ САРЫН» ЛЕКЦИЯ КОНЦЕРТ
2025-04-09

Қобыз – ұлттық мәдениетіміздің алтын діңгегі. Қазақ халқы үшін Қорқытпен байланыстыратын бұл аспаптың тарихи-мәдени орны айрықша. Табиғаттың қайталанбас дауысын қарапайым аспаптың бере алуы шын мәнінде ерекше құбылыс. Осынау киелі өнерді қастерлеп, бабалар жолын жалғастыру – бүгінгі ұрпаққа артылған жауапкершілік, ал мәдени мұраның қыры мен сырына терең үңіліп, қадір-қасиетін айқындау – сіз бен біздің борышымыз.
Бүгін «Қорқыт сазы» қобызшылар ансамблі қобыз аспабының тарихи-рухани мәнін айшықтап, қобыз өнерін жастар мен жасөспірімдер арасында насихаттау мақсатында Сол жағалауда орналасқан Оқушылар сарайында «Сырлы сарын» лекция концертін берді. 

Ансамбльдің көркемдік жетекшісі – Айнуза Бегімсалова. 

Ерекше форматта өткен танымдық кеште ұжым әртістері орындалған шығармалар мен аспаптардың шығу тарихын айта отыра, көрерменмен кері байланыс орнатты. Концерттік кеш бағдарламасында қазақстандық композиторлар және шетел авторларының шығармалары, танымал кино және мультфильм саундтректері орындалды.