АҚТӨБЕДЕ СЫР ЕЛІ ӨНЕР ИЕЛЕРІНІҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ КОНЦЕРТІ ӨТТІ
2025-04-23

Батыс аймақтың бас қаласында Қызылорда облыстық филармониясы эстрадалық орындаушыларының шығармашылық ән кеші өтті. Ән әуелеп, көңіл толқытқан кеште Ақтөбе қаласының өнер және мәдениет өкілдері, руханият жанашырлары және жастар тыңдарман қатарын толықтырып, Сыр елі өнер иелері ұсынған сазды кештің куәсі болды. Осылайша, өңіраралық шығармашылық қатынасты нығайтып, мәдени-рухани байланысты бекіте түскен гастрольдік сапар әдемі нотамен қорытындыланды.  Концертте ҚР «Мәдениет қайраткері» төсбелгісінің иегері Үміт Медеуова, ҚР «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегерлері Азиза Іздіқұлова, Индира Елубаева және Гүлфира Әлиханова, Халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаттары Индира Баимбетова, Бекзат Молдабергенов, Ринат Үсенов, Ақылбек Табынбаев, Олжас Нұралиев және Айдос Шадаев өнер көрсетіп, батыс жұртына сырбойының әсем әуені мен әдемі әндерін ұсынып қайтты. 
Сазды кеште өнер иелері елімізге танымал композиторлардың шығармаларын тамылжыта орындап, әнсүйер қауымның құрмет-қошеметіне бөленді. Кеште орындалған туған жерге деген сүйіспеншілік пен алғысқа толы әндер батыс аймаққа жақсы таныс, көрермен жүрегінен орын алып үлгерген шығармалар. Кеш қонақтары Сырдың сазды сәлемін зор ықыласпен тыңдап, рухани сәттен қайталанбас әсер алды.
Кеш соңында Мәдениет қайраткері, Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының «Дауыс» әншілер ұжымының көркемдік жетекшісі Аллаберген Жақсыбаев шығармашылық топқа арнайы Алғыс хат табыстап, гүл шоқтарын ұсынды.
Ән кешінің режиссері — Мәдениет саласының үздігі, «Шеберлік шыңы» номинациясының иегері Азиза Іздіқұлова