МЕРЕКЕЛІК МАРАПАТ ТАБЫСТАЛДЫ
2025-04-29

Бүгін 29 сәуір – Халықаралық би күні. Бұл атаулы күнде бекзат өнер иелеріне сырбаз да сұлу саланы дамытудағы еңбектері үшін алғыс айтылып, құрмет-қошемет көрсетіледі. Биыл да жыл сайынғы игі дәстүр жалғасын тауып, Қызылорда облыстық филармониясы «Томирис» би ансамблі мен «AI-ARU» заманауи би ансамблінің кәсіби хореографтары марапат биігінен көрініп, ұжым мүшелеріне мерекелік алғыс табысталды.

????Салтанатты шарада облыстық филармония басшысы Талғат Бақытбекұлы би ұжымдарын кәсіби мерекемен құттықтап, шығармашылық табыс тіледі. Қос ұжымға салаға сіңірген еңбегі мен қазақ хореографиясын дамытуға қосқан үлесі үшін аймақ басшысының арнайы Алғысы табысталса, бірқатар ұжым мүшелері аймақ басшысының Алғысымен, облыс әкімі орынбасарының және Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының Алғысымен марапатталды. «Томирис» би ансамблінің құрылуы жылдарында өнер ұжымында еңбек еткен ансамбльдің алғашқы құрамының мүшелері Ләззат Шерқызы, Индира Сматуллақызы, Айнұр Айбергенқызына және би ұжымдарының бірқатар әртістеріне филармония басшысының арнайы Алғысы табысталды.
????Сонымен бірге, мәдени шараларға қолдау көрсетіп, шығармашылық байланыс орнатып келе жатқан «Шаттық» би ансамблінің жетекшісі Өмірзақ Серікбайұлы, «Балбұлақ» халықтық би ансамблінің жетекшісі Айгүл Серікбайқызы, Оқушылар сарайының хореографы Әсел Ыдырысқызы «AMANAT» партиясының Алғыс хатымен марапатталды.
Кәсіби мерекелеріңізбен, құрметті әріптестер!