СЫР ЕЛІНЕН ЖЫР СӘЛЕМ

0
730

Азаттықтың самалымен тыныстап, еркіндікте өмір сүргенімізге биыл ширек ғасыр толады. Осы ұлы мерекеге орай, Мемлекет басшысының тапсырмасымен еліміздің бас қаласы – Астанада «Қуатты өңір – Қуатты Қазақстан» тақырыбымен облыс­тардың күндерін өткізу шарасы белгіленді. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық меретойына арналған бұл думанды шара қыркүйек пен қараша айларында өтеді. Арқа төріндегі ару шаһардағы өңірлердің күндерін кешегі сенбі-жексенбіде Қызылорда облысы бастады. Астанаға қызылордалық делегацияны облыс әкімі Қырымбек Көшербаев бастап барды.
Қызылорда облысының Астана қаласындағы күндері аясындағы түрлі шаралар легі Конгресс-Холл залында өткен «Сыр – Алаштың анасы» атты облыс мәдениет майталмандарының гала-концертімен қорытындыланды. Оған ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қатысты.
Сыр өнерпаздарының өнерін тамашалауға жиналған халықта есеп болмады. «Сыр елі – жыр елі» деп әу бастан-ақ тегін айтылмаған. Талай өнер саңлақтарының ордасына айналған мекеннен түлеп ұшқан талантты перзенттер Алмас Алматов, Елмұра Жаңабергеновалар да көрермендер сапынан табылды.
Думанды кеш театрландырылған қойылыммен басталды. Алдымен құлаққа Қорқыт бабаның үніндей болып күмбірлеген қобыз үні жетті. Қазақтың ұлы даласының қақ ортасынан орын тепкен тарихы бай, көшпелілердің үш бірдей астанасының ізі сақталған Сыр өңірінің кешегісі мен бүгіні қойылымда егжей-тегжейлі қамтылды. Мұнан соң деректі фильм көрсетілді. Онда Тәуелсіздік жылдары түрленген Қызылорданың бүгінде бақыт қонған аймаққа айналғаны, Сырдың бойындағы қалың елде Елбасының қолдауымен ірі-ірі ұлттық жобалардың сәтімен жүзеге асқаны баяндалды.
Сахна шымылдығы Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрінің орындауындағы талантты композитор Мұрат Сыдықовтың «Батыр Баба» күйімен түрілді. Келесі кезекте өнер сахнасына «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Руслан Ахметов шығып, Ақ кете Шернияздың «Сөз сөйлейін бөлмелеп» атты әйгілі термесін орындап, жырға сусаған жұртшылықтың делебесін қоздырды. Ал Т.Қалауовтың «Қызылорда вальсі» орындалғанда көрермен қауым бір серпіліп, рухтанып қалды.
Жыршы-жыраулардың Сырдағы әйгілі төрт мектебінің өкілдері Майра Сәрсенбаева, Нұртілек Ақтаев, Шолпан Бейімбетова және Жарасқан Төлебай да өнер көрсетті. Сырдың мақам сазын сағынған Арқа жұрты рухтанып, бәрекелді десті. Одан соң қобызшылар ансамблі Қ.Шілдебаевтың «Отан-Ана» күйін төкті.
Концертте классикалық әндер шеруіне де кезек тиді. Халықаралық фестивальдардың лауреаттары, белгілі опера әншілері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Жанұзақова, Азат Мәлік, сондай-ақ Самал Байсейітова, Назым Сағынтай, Мағжан Аманжолов пен Мақсат Мақұлбеков И.Штраус, И.Кальман және Дж.Вердидің классикалық шығармаларынан попурри орындады.
Ал «Томирис» би ансамблі мың бұралған биімен сахна ажарын ашса, Сыр сандуғаштары, Халықаралық балалар шығармашылығы конкурстарының лауреаттары Диас Омар, Бағдаулет Исабеков, Зүлфия Айтбай, Дильназ Төлеген, Аида Еркін, Дінмұхаммед Әбуов секілді жас әншілеріміздің өнеріне астаналық қауым дән риза болысты. Олар К.Дүйсекеевтің «Сәлем саған, туған ел» әнін нақышына келтіре орындаған еді.
Мерекелік концерт О.Хегайдың «Астана» және Р.Таймановтың «Сыр Ана» әнімен аяқталды.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь