Музыкалық көрме

0
170

18 сәуір күні филармония ғимаратында халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күні және Сыр елі мәдени руханиятының қара шаңырағына айналған Қызылорда облыстық филармониясының 50 жылдығына арналған «Музыкалық көрме» атты ашық есік күні өтті.

Бір ғасырға жуық тарихы бар іргелі ғимаратта талай тарланбоздардың қолтаңбасы қалды. Ескерткіш – ХХ ғасырдың 20-жылдары КСРО-да кең тараған жұмысшы клубтарының бірі. Қызылорда қаласындағы вокзал маңында орналасқан. Ескерткіш күйдірілген кірпіштен тұрғызылған, іргетасы таспа түрінде кесек тастардан қаланған. Ғимарат бір қабатты. Композицияның өзегі болып фойе және әртүрлі клуб бөлмелері жалғасқан көрермен залы саналады. Ғимараттың негізгі қасбеті (оңтүстік-батыс) үш ризалитке (ортасындағы ғимаратқа кіретін есік орналасқан) негізделген симметриялық композицияға ие. Ғимарат шатыры екі еңісті, шатыр асты құрылыстары ағаштан істелген, үсті қаңылтырмен жабылған. Ғимарат жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне алынған.

Қызылорда облыстық филармониясы ұжымының құрылу тарихы Сырдың ұлы перзенті Нартай Бекежановтың есімімен тығыз байланысты. 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің алғашқы онкүндігінен елге оралысымен Нартай елдегі ақын-жыршылар мен әнші-күйшілердің басын біріктіріп көркемөнерпаздар үйірмесін ашады. Кейіннен үлкен ансамбльге, одан соң филармонияға айналды. 1972 жылы 16 қарашада Қазақ ССР Мәдениет министрлігінің бұйрығымен құрылған ұжымды алғашқы жылдары сазгер Тәңірберген Қалауов басшы¬лық етті, сол тұста «Сыр күмбезі» фольклорлық ансамблі мен «Ақтолқын» эстрадалық ансамблі жұмыс жасады. Фольклорлық ансамбльге жырау Ақмырза Тұяқбаев, әнші Фатима Төлегенова, эстрадалық ансамбльге Қиынбай Сақтағанов жетекшілік еткен еді.

Қазіргі таңда облыстық филармонияда 8 ұжым және сонымен қатар ән қанатында қалықтаған күміс көмей әншілер мен текті өнерді төрге оздырған жыршы-жыраулар қызмет жасауда.

Құрамында Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі, «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі, «Томирис» би ансамблі, «Тұран» триосы, «Сыр самалы» вокалды аспапты ансамблі бар ұжым 2014 жылы аймақ басшысының қолдауымен камералық оркестр, 2016 жылы балалардың мәдени іс-шараларға қол жетімділігін жүзеге асыру және филармония көрермендерінің контингентін кеңейту мақсатында «Әдемі» балалар музыкалық театр-студиясы ашылса, 2020 жылы облыс әкімінің Қорқыт мұраларын насихаттауға арналған 5 жылдық кешенді іс-шаралар жоспары аясында «Қорқыт сазы» қобызшылар ансамблі құрылып, өнер отауының озық табыстары талғампаз тыңдаушы мен көшелі көрерменнің әр күнгі көзайымына айналып отыр.

Музыкалық көрмеге келген көрермен қауым облыстық филармонияның ішкі тынысымен тереңінен танысып, үлкен әсерге бөленіп қайтты.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь