ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ОРКЕСТРЛЕР ФЕСТИВАЛІ

0
654

Жақында Атырау қаласында халықаралық оркестрлер фестивалі өтті.  Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен фестивальға елімізбен қатар Қырғызстан, Өзбекстан, Ресейден келген 15 өнер ұжымы қатысты. Ұлы күйші Құрманғазының шығармашылығын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған шарада Сыр елі атынан Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі өнер көрсетіп, лауреат атанды. 

Атырау аспанын, Ақжайықтың жағасын күйге бөлеген Құрманғазы бабамыздың атындағы Ха­лық­аралық  оркестрлер фестивалінде  Сыр өңірі­нің талантты өнерпаздары «Терісқақпай», «Құс­ни-Қорлан», «Нартай сері», «Сыр Ана», «Қорқыт кесенесі» сынды туындыларды орындап, көпші­ліктің ерекше ықыласына бөленді.

Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі халық мұрасын кеңінен насихаттау мақсатында 2007 жылы облыстық филармония жанынан құрылған. Сыр сүлейі Т.Ізтілеуұлының 125 жылдық мерейтойы қарсаңында құрылған оркестрге шайырдың есімі берілді. Оркестрдің негізгі құрамы Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясы мен Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжін бітірген кәсіби білікті мамандардан жасақталған. Респертуарларында халық және қазақ сазгерлерінің шығармалары, Батыс Еуропа композиторларының туындылары бар. Сонымен қатар репертуарларына Сыр елінің атақты күйші-композиторлары Қазанғап, Шал Мырза, Бекпембет, Әлшекей, Жалдыбай, Құрақтың Досжаны,  Қаражанның Төлегенінің туындылары және жергілікті күйші-сазгерлер Мұрат Сыдықов, Альберт Алмағамбетов, Төлепберген Тоқжановтың шығармалары енгізілген. Кәсіби өнер ұжымының бүгінде жеткен жетістігі аз емес. Елімізбен қатар, сырт елдерде өтетін түрлі байқаулар мен халықаралық жарыстарда бақ сынап, жүлдеге ие болып келеді. Фестивальдің гала-концертіне қазақ өнерінің хас дүлдүлдері Асанәлі Әшімов, Қатимолла Бердіғалиев, Жүрсін Ерман, Айтқали Жайымов, Айгүл Үлкенбаева қатысты. Гала-концертті 2000-ға жуық қала тұрғындары мен қонақтары тамашалады.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь